Маңғыстауда алғаш рет жас волонтерлер ынтымақтастығын нығайту мақсатында эко-тимбилдинг өтті
Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Omir Glamping» демалыс орнының жағалау аймағында облыстық «Эко тимбилдинг – 2026» іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Облыстың әр ауданынан арнайы жиналған 80 волонтер жас қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, экологиялық жауапкершілікті арттыру және волонтерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында бас қосты.
Халықаралық волонтерлар жылы аясында өткен іс-шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қатысып, жастарға табиғат аясындағы қауіпсіздік шаралары мен төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Меруерт Қонақбаеваның айтуынша, экологиялық акция қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты іс-әрекеттермен жалғасты.
-Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар жағалау аумағын тазалау жұмыстарына кірісіп, жиналған қалдықтарды сұрыптау арқылы арнайы қабылдау орындарына тапсырды. Экологиялық акция қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты іс-әрекеттермен жалғасты. Шараға UNICEF ұйымы, «Рухтан» қоғамдық бірлестігі, «Қолдау» волонтерлар корпусы, Жаңаөзен қаласындағы «Жасыл жебе» эковолонтерлер клубы, «Astro-X», «English Speaking Club» және «JanaLep» еріктілер клубтары қолдау көрсетті, – деді Меруерт Қонақбаева.
Іс-шара соңында қатысушылар тимбилдинг ойындарына қатысып, жаңа таныстықтар орнатып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, волонтер жастардың ауызбіршілігі мен командалық рухы нығайып, алдағы бірлескен жобаларға серпін берілді.
