Skip to content

«Қаламмен өрілген ғұмыр» атты «Құпия қонақпен» мотивациялық кездесу кеші

«Қаламмен өрілген ғұмыр» кездесу кешіне шақыру

Бүгін «Сәду Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернат» КММ-де Республика күніне орай «Менің Республикам – менің мақтанышым» жобасы аясында «Қаламмен өрілген ғұмыр» тақырыбында «Құпия қонақпен» мотивациялық кездесу кеші ұйымдастырылды.

Кездесудің басты мақсаты – оқушыларды туған өлкенің танымал тұлғаларымен таныстыру, олардың өмір жолы мен еңбегі арқылы жас ұрпаққа үлгі көрсету. «Өз өлкеңді таны, өз еліңнің тұлғаларын құрметте!» деген ұстанымды басшылыққа алған кештің құрметті қонағы – Жыңғылды ауылынан шыққан ақын Оразов Нұрхат Бегешұлы болды.

Кеш барысында оқушылар ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қызығушылық танытып, оның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ақынның сөзіне жазылған әндер тыңдалып, әсем әуен мен жыр үйлесім тапқан әсерлі сәттер көпшіліктің көңілінен шықты. Кездесудің ерекше тұсында Нұрхат Бегешұлы өзінің шығармаларынан үзінділер оқып, ақындық жолы, шығармашылық ізденісі мен өлеңдерінің мазмұны туралы ой бөлісті. Оқушылар туған жер, елге деген сүйіспеншілік, арман мен мақсат тақырыптарындағы жырлардан рухани әсер алды.

Кездесу оқушыларға туған ауылынан шыққан азаматтың шығармашылығын жақынырақ тануға, өз өлкесінің жетістігімен мақтануға және әр адамның туған жерінің дамуына үлес қоса алатынын түсінуге мүмкіндік берді. Ақынмен еркін пікір алмасу, өлең оқу және ән орындау сәттері кештің мазмұнын байытып, оқушылардың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырды деген ойдамыз.

«Қаламмен өрілген ғұмыр» атты кездесу кеші мазмұнды әрі әсерлі өтті. Іс-шара туған өлкенің белгілі тұлғаларын таныту, жас ұрпаққа өнеге көрсету және оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру бағытындағы маңызды қадам болды. Туған жерден басталған тағылымды кездесу оқушыларға өз ауылын, елін құрметтеудің және ел мақтанышына айналатын азамат болуға ұмтылудың маңызын ұғындырды.